Жаңалықтар

22 маусым 2012
Бүгін Ақордада құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау мәселесі жөнінде брифинг өтті.

22.06.2012

Президент Әкімшілігі құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау өткізілгенін мәлімдеді. Халықаралық тәжірибені талдауды ескере отырып, аттестаттаудың үш деңгейлі схемасы анықталды.

Кезектен тыс аттестаттаудың негізгі міндеттері құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби, әскери және дене шынықтыру дайындығының деңгейін тексеру, өз қатарын құзыретті емес қызметкерлерден және моральдық-адамгершілік сипаты төмен, сыбайлас жемқорлық көріністеріне және өзге де теріс қылықтарға бейім адамдардан тазарту болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясының (ЖАК) 9 отырысы өтті, соның шеңберінде 349 қызметкермен әңгімелесу өтті, олардың ішінен 280-і (80 %) аттестаттаудан өтті, оның ішінде 24 адамды кадрлық резервке қоюға ұсыным берілді. Ал 69 (20 %) лауазымды тұлға аттестаттаудан өткен жоқ, олардың ішінен 29 адам жұмыстан босатуға, 28-і лауазымын төмендетуге, 12-сі басқа қызметке ауыстыруға ұсынылды.

Әрбір аттестатталатын адам бойынша кадрлық шешім әңгімелесу нәтижелері бойынша дербес қабылданды, оның барысында қызмет өткеру, тестілеуден өту, кәсіби жарамдылыққа арналған нормативтерді тапсыру нәтижелері және арнайы тексеру материалдары талданды.

ЖАҚ қоятын жоғары талаптарды ескерген 26 қызметкер кезектен тыс аттестаттаудан өтуден бас тартты, атқарып отырған лауазымдарынан босату және құқық қорғау органдарынан қызметтен босату туралы рапорттармен жүгінді. Бұдан басқа, атқаратын лауазымына сәйкес келеді деп танылған 13 қызметкер ЖАК-тің шешімімен ротациялауға, 6 адам шекті жас мөлшеріне жетуіне байланысты жұмыстан босатуға ұсынылды.

Өткізілген аттестаттаудың нәтижесінде құқық қорғау органдары жоғары басшы құрамының үштен бір бөлігі жаңарады.

ЖАК жұмысының нәтижелері бойынша Мемлекет басшысына құқық қорғау органдарының қызметкерлерін материалдық және әлеуметтік қамтамасыз етуді арттыру, сонымен қатар құқық қорғау органдарында заңнаманы және кадр саясатын жетілдіру туралы ұсыныстар енгізілді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар